Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында Медицина қызметкері күні атап өтілді
АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ басшылығы «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалымен бірлесіп, холдинг құрамына кіретін мекемелердің қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Шара барысында сөз алған аталған холдинг басқармасы төрағасының орынбасары Бексұлтан Тұтқышев «біз, міне бірнеше жылдан бері өзіміздің кәсіби мерекемізді тойлап келеміз, алайда әрбір жыл біздер үшін ерекше, әрі оны зор қуанышпен атап өтеміз», деді.
Іс-шара барысында Б.Тұтқышев холдинг құрамына кіретін мекемелердің бірқатар қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттап, «Нұр Отан» партиясына мүшелікке өткендерге партиялық билеттерін табыс етті. Сондай-ақ Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығында қазақстандық дәрігерлер үшін шеберлік сабағын өткізіп жүрген германиялық профессор, медицина ғылымының докторы Михаэль Гаабқа да «Нұр Отан» партиясының логотипі бар баскиім мен жейде сыйлады.
Осыдан кейін Астана қалалық мемлекеттік филармониясы мен астаналық цирктің әртістері дайындаған концерт болды.