Республикалық патриоттық форумда «Үлкен ел - үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы қаралды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын атап өту - бұл бірліктің, келісімнің, сондай-ақ еліміздің әрбір азаматының біріне-бірінің қолдау көрсетуі жылы. Бүгін Астанадағы «Мәңгілік ел - болашағы біртұтас ел» атты республикалық патриоттық форум барысында ҚХА төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов осылай мәлім етті.

Республикалық патриоттық форумда «Үлкен ел - үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы қаралды

«Жыл сайын осындай кездесу игі дәстүрге айналып отыр. Биылғы жыл ерекше, сәйкесінше біздің форум да ерекше болмақ. 2015 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы» деп жарияланды. Ассамблея жылы - ол бірліктің, келісімнің жылы. Осы орайда әрбір азамат біріне-бірі қолдау жасауы тиіс»,- деді ол. Сонымен қатар Е.Тоғжанов биыл елімізде Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңның 20 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы секілді бірнеше атаулы даталар бар екенін салып өтті. Патриоттар форумында Елбасының «Ұлт жоспары - 100 нақты» қадам атты бес институционалдық реформасының аясында іске асырылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел - үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы қаралды. Ол қазақстандық бірегейлікті нығайтуға және «Мәңгілік Ел» құндылықтары негізінде бірыңғай азаматтық бірлікті қалыптастыруға бағытталған арнайы іс-қимылдар бағдарламасы. Жоба аясында отансүйгіштік тәрбие басымдықтарын, болашағы біртұтас ұлтымыздың зияткерлік, мәдени және рухани құндылықтарын алға бастыруға негізделген кең ауқымды акциялар мен әлеуметтік жобалар кешені өткізіледі. Айта кетейік, форумға қатысуға барлық өңірлерден шамамен 2 мыңнан астам делегат келді. Олар өз ісінің үздік мамандары - дәрігерлер, әскерилер, өнеркәсіп жұмысшылары, ғалымдар, жас көшбасшылар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, спортшылар, талантты актерлер, мәдениет майталмандары. Патриоттар форумы 2007 жылдан бері жылдың айтулы шаралары аясында еліміздің түрлі қалаларында өткізіледі. Биылғы форум Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясына арналады.