Республикалық семинар-кеңес Қазақстандағы көкөніс өнімдерінің нарығын дамыту мен өндіру жөніндегі мәселелерге арналды
АСТАНА.Маусымның 12-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Жамбыл облыстық әкімдігінде Қазақстандағы көкөніс өнімдерінің нарығын дамыту мен өндіру жөніндегі мәселелерге арналған республикалық семинар-кеңес болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жиынға Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, облыс әкімдерінің орынбасарлары, облыстағы ауыл шаруашылығы басқармасының, қаржылық және ғылыми институттар мен шаруашылық нысандарының өкілдері қатысты. Көкөніс өнімдері нарығының сараптамасы бойынша, еліміздегі көкөніс пен бақша дақылдарын өндіру көлемі тұрақты әрі ол республика тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етіп отыр.
Алайда көкөніс өнімдерін өндіру мен жүзеге асыру Қазақстандағы табиғи-климаттық жағдайларға байланысты маусымдық сипатқа ие. Осыған байланысты өнімнің негізгі мөлшері тек жылдың екінші жартысында ғана іске асырылады. Республика аумағында ерте пісетін көкөніс өнімдерінің шамалы ғана мөлшері өсіріледі. Бұл көкөністердің саудадағы сұранысы тек 35-40 пайызды ғана қамтамасыз ететіндіктен маусымаралық кезеңдерде олардың бағасы қымбат болуда. Жуырда өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Агрөнеркәсіп кешенінің алдына нақты міндеттер қойды. Олар ішкі азық-түлік нарығындағы тұрақтылықты сақтауды одан әрі арттырып, ауыл шаруашылығы шикізаты мен тамақ өнімдерінің импортына тәуелділіктен арылуға қол жеткізуге бағытталған. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар экономиканың аграрлық секторын жедел дамыту мақсатында және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән береді. Сондай-ақ мемлекеттің аграрлық саясаты мен мемлекеттік реттеу және қолдау тетіктерін жергілікті деңгейде тауар өндірушілерге түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру қажет. Бұл бағытта ұсақ тауар өндірушілерді кооперативтер мен қауымдастықтарға біріктіру арқылы өндірісті нығайтуға және осы бағыттағы мемлекеттің қолдауын ұтымды ұйымдастыра отырып, өндірілген көкөніс өнімдерін оңтүстіктен солтүстік аймақтарға келісім-шарт жасау арқылы тасымалдауға ерекше назар аудару керек. Бүгінгі семинар-кеңес барысында көкөніс тасымалдау жөнінде 12 меморандумға қол қойылды. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қаржылық қолдау көрсету «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымдары арқылы жалғасатын болады.