Республикалық СЭС деректеріне сәйкес өткен жылы жұқпалы аурулармен сырқаттанушылар санының өскені байқалды - Статистика
Бұл ақпаратты еліміздің Статистика агенттігі таратып отыр. «Республикалық СЭС-тің деректері бойынша 2010 жылы 2009 жылмен салыстырғанда түйнемемен (71,4 пайызға), риккетсиозбен (46,5), бірінші рет анықталған созылмалы вирустық гепатитпен (23,7), сальмонеллезді жұқпасымен (16,1), бактериялық дезентерия (8,5), эхинококкоз (2,8), диагнозы алғашқы рет қойылған бруцеллезбен (2,0%) ауырғандар санының өскені анықталған. ЖҚТБ-мен ауырғандар саны 165 оқиғаны құрады, 1969 АҚТҚ жұқпасын тасымалдаушылар (2006 жылы - 2072) анықталды», - делінген баспасөз хабарламасында.
2010 жылы тіркелген жұқпалы аурулардың арасында аса кең тарағаны жоғары тыныс жолдарының өткір жұқпасы (100 мың адамға шаққанда 6629,2 оқиға), ішектің өткір жұқпасы (132,5), тыныс алу органдарының туберкулезі (82,8), тұмау (34,2), вирустық гепатит (30,8), мерез (34,2), битшеңдік (12,1) және қышыма (12,1) болды.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, 14 жасқа дейінгі балалар арасында риккетсиозбен (80,8 пайыз), бірінші рет анықталған созылмалы вирустық гепатитпен (96,3), эхинококкозбен (16,2), бактериялық дезентериямен (13,9), сальмонеллезді жұқпасымен (6,9) ауырғандар саны көбейген. ЖҚТБ-мен ауырғандар саны 4 баланы құраса, 24 АҚТҚ жұқпасын тасымалдаушы (2009 жылы - 28) анықталған.