Республикалық телеарналарда азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға негізделген бағдарламалар пайда болады - Б. Бекназаров

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биыл республикалық телеарналарда азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға негізделген бағдарламалар  пайда болады. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Бекназаров мәлім етті.

Республикалық телеарналарда азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға негізделген бағдарламалар  пайда болады - Б. Бекназаров

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ресейлік бірқатар телеарналарда сот процестері бойынша жақсы бағдарламалар жүріп жатыр.  Бұл бағдарламаларда өз кезегінде жәбірленуші мен айыпталушылардың құқы жайында толық түсінік беріледі.

Осындай бағдарламалар қазіргі кезде Қазақстанда да әзірленіп отырғандығына және қаржыландыру шараларын шешу жұмыстары жүріп жатқандығына тоқталған Б. Бекназаров, «биылдан бастап елімізде осы тектес бағдарламалар пайда болады. Адамдарға құқықтық білім беретін процестерді шын мәнінде көретін боласыздар», - деді.

Төрағаның айтуынша, аталған бағдарламаларға тәжірибе жүзінде жұмыс істеп жүрген судьялар қатыспақ. Қазіргі кезде осы мәселе бойынша келіссөздер «Хабар», «Қазақстан», «Астана» телеарналарында жүріп жатқан көрінеді.