Республикалық Трансфузиология орталығында донорлық көмекке шақырған акция өтті
АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат/Айнұр Кенебаева/ - 7 сәуір - Дүниежүзілік денсаулық күні қарсаңында Республикалық ғылыми-өндірістік Трансфузиология орталығында «Донорлық көмек - салауатты ұрпақ» атты акция өткізілді.
Аталмыш акцияның негізгі мақсаты - донорлық көмек көрсету ісіне Қазақстан жұртшылығын жұмылдыру.
Донорларды іріктеу бөлімінің басшысы Светлана Скорикованың мәлімдеуінше, 2010 жылы 40 мыңға тарта адам донор болу жөнінде ниет білдірген, соның ішінде 36800 адамнан қан алынған. Донорлардың 80% -ға жуығы ешқандай өтемақысыз өз бетімен қан тапсырғандар. «Астана қаласы бойынша донорлық қан тапсырудың жоғары көрсеткіштері тіркелген: 1000 адамға шаққанда 53, яғни бұл еуропалық талаптарға сай көрсеткіш болып есептеледі, дегенмен Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш айтарлықтай жоғары емес», - деді Светлана Скорикова журналистерге берген сұхбатында.
Светлана Скорикованың сөзіне сәйкес, Астана қаласының қан орталығы медициналық мекемелерді қажетті қанмен толықтай қамтамасыз ете алады. Онда қазіргі таңда екі бригада жұмыс істейді.
Былтырғы жылдың статистикалық мәліметтеріне сәйкес орталықта тіркелген донорлардың 40% - ы - жиі қан тапсыратын тұлғалар. Дәрігер жинақталған қан қорын уақыт өте келе жаңартып тұру қажеттігін айтады. Қазіргі таңда орталыққа жиі қан өткізетіндермен қатар жаңа донорлар да көптеп келеді екен. Олар - 18-26 жас шамасындағы жастар.
Қазіргі таңда қан тапсыру барысында барлық қауіпсіздік шаралары қатаң түрде сақталады. Донор мен реципиенттің екі жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дәрігерлер бірнеше тексеріс кезеңдерін жүзеге асырады. Біріншіден, анкеталық сауалнама жүргізу, екіншіден вирустық, инфекциялық аурулар тізімі бойынша тексеріс жасау және соңғы кезең - қанды сараптамаға жіберу.
Светлана Скорикованың пікірінше, донорлық көмек адам өмірін сақтап қалудың бір жолы ғана емес, сонымен қатар ол - қоғам мүшелері арасында гуманистік көзқарас пен жауапкершілік тудыруға түрткі болатын жақсы бастама.
Шараға руспубликалық және қалалық қоғамдық қорлар өкілдері, дәрігерлер, донорлар мен реципиенттер қатысты.