Республикалық ұлан елордада «Ашық есік күнін» өткізді
АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Республикалық ұланы елорданың ескі алаңында «Ашық есік күнін» өткізді.
Аталған шара Балаларды қорғау күні мен еліміздің Мемлекеттік рәміздерінің 20 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, дәл осындай шара Алматы қаласында да ұйымдастырылды.
Жиналған қала тұрғындары мен қонақтарының назарына заманауи әскери техника мен қару-жарақ көрмесі, құрмет қарауыл ротасының плац-концерті, Республикалық ұланның Президенттік және үрмелі аспаптар оркестрінің концерті ұсынылды. Республикалық ұланның Құрмет қарауыл ротасы мен Президент оркестрі қарауыл ауысымы дәстүрін паш ететін әскери дефиле көрсетілді. Ескерерлігі, дәл осы бағдарламаны ұландықтар 2011 жылы Мәскеу қаласында өткен «Спасск мұнарасы» атты халықаралық әскери-музыкалық фестивальде көрсеткен болатын.
Мәдени іс-шараны колледждердің, университеттердің студенттері, мектеп оқушылары мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері тамашалады. Сонымен қатар олар солдат ботқасы мен бауырсақтан дәм татты.