Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының мамандары бүйректі алмастырудың жаңа әдісін игерді

АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының мамандары бүйректі алмастырудың жаңа әдісін игерді, деп хабарлады аталған мекеменің баспасөз қызметінен.

Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының мамандары бүйректі алмастырудың жаңа әдісін игерді

Баспасөз қызметінің атап өтуінше, елімізде алғаш рет созылмалы бүйрек функциясының кінәраты бар сырқаттарға Оңтүстік Кореяның Анам госпиталінің мамандарымен бірлесіп, лапароскопияның көмегімен 3 бүйректі алмастыру операциясы жасалды.

Операциялар «Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер» 055 бюджеттік бағдарламасының шеңберінде «Транспланттау мақсатында донорлық бүйректі эндоскопиялық алып тастау» шеберлік сыныбы аясында жасалды.

«Операциялардың ерекшелігі, бұл тәсіл пациентті аз жарақаттайды және сырқаттарды оңалтудың операциядан кейінгі кезеңін 10-14 күннен 3-4 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді», делінген баспасөз хабарламасында.

Осыған орай Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы ертең баспасөз мәслихатын өткізбек.