Республикалық жеке сот орындаушыларының алқасы палата болып құрылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық жеке сот орындаушыларының алқасы бұдан былай палата болып аталады. Жаңа құрылымның Жарғысы бүгін Әділет министрлігінде өткен Құрылтай жиында қабылданды.

Республикалық жеке сот орындаушыларының алқасы палата болып құрылды

«Бірінші кезекте, республикалық палата жеке сот орындаушыларының қызметін ұйымдастыруға бағытталып, өзінің және мүшелерінің мүдделерін қорғайтын болады. Өңірлерде палатаның бөлімшелері құрылады. Көрсетілген шаралар жылдың басында "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Заңына "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңымен енгізілген түзетулерге сәйкес жасалды", - делінген ведомство таратқан мәліметте.

Сондай-ақ, құрылтайда Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының Төралқасы және тексеру комиссиясы сайланды.