Республикамызда 13 мыңнан астам бала әлеуметтік жетімдікке ұшырап отыр

АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Әлеуметтік мәдени даму комитетінің ұйымдастыруымен «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» кодексі жобасының өзекті мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел жиыны өтті.

Республикамызда 13 мыңнан астам бала әлеуметтік жетімдікке ұшырап отыр
Басқосуда бала асырап алу, құрсақ ана, балалар құқығын қорғайтын өкілетті ұйым мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазіргі таңда Қазақстанда барлығы 46 мың 126 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Оның ішінде 16 мыңға жуық сәби толық мемлекеттік қамқорлыққа алынып, 204 білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйелерінде тәрбиеленіп жатыр. Осы мекемелердегі тәрбиеленуші балалардың жалпы санының тек 3 мыңға жуығы ғана тұл жетімдер, яғни олардың әке-шешесі қайтыс болып, асыраушысыз жетім қалғандар болып табылады. Ал қалған 13 мың 418 бала әлеуметтік жетімдікке ұшырағандар. Яғни, олардың ата-анасы тірі бола тұра жетімдер саналған сәбилер болып отыр», - деді басқосуда баяндама жасаған Білім және ғылым министрлігі Балалар құқық қорғау комитетінің төрағасы Жұмажан Жүкенов. Оның айтуынша, «Неке және отбасы» кодексі жобасында балалар құқы мен мүддесін қорғауға бағытталған бірқатар жаңа қадамдар көрініс тауып отыр. Мәселен, заң жобасында жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқын қорғауға ерекше назар аударылады. Құжатта, сондай-ақ «бас тартылған бала», «тастанды бала», «өмірдің қиын жағдайында қалған бала» секілді бірқатар жаңа ұғымдар енгізіліп, оларға заңдық түсініктер қамтылған.