Республикамыздың 3 қаласы мен 4 ауылында су мен кәріз қызметтеріне тарифтер өзгерді
АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - 1 желтоқсаннан бастап республикамыздың 3 қаласында және 4 ауылында су мен кәріз қызметтеріне тарифтер өзгерді. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Асылбек Дүйсебаев мәлім етті.
Атап айтқанда, Петропавл қаласының тұрғындары үшін судың бағасы 1000 литр үшін 54 теңгенің орнына орташа алғанда енді 76 теңге, ал кәрізге 1000 литр үшін 42 теңгенің орнына 66 теңгені құрайтын болады. Бұл қызметті «ҚызылжарСу» кәсіпорны көрсетеді. Белгілі болғанындай тарифтің шектік деңгейі 2013-2016 жылдарға бекітілген.
Бұдан бөлек Алматы облысының Қапшағай қаласында да судың бағасы өсті.Мәселен, онда айына 1 адамға 2,7 текшеметрден аспайтын тұтыну көлемі 1000 литр үшін 37,31 теңгені құрайды (бұрын 33,91 теңге болды), сонымен қатар бір адамға айына 2,7 және 3,7 текшеметр арасында тұтыну көлемі 1000 литр үшін 47,7 теңге болды (бұрын 42,59 теңге). Бұған қоса 1 адамға айына 3,7 текшеметрден асатын тұтыну көлемі және суды есептеу құралдары орнатылмағандарға 1000 литр үшін 66,64 теңгені құрады (бұрын 48,22 теңге болды). Кәріз қызметтерінің тарифтері тұрғындар үшін 1000 литрге 66,69 теңгеге жетті. Осының алдында 42,45 теңге деңгейінде болған еді.
Мұнымен қоса Атырау қаласының тұрғындарына 1 желтоқсаннан бастап судың бағасы 1000 литр үшін 76,47 теңгені құрады (бұрын 43,56 теңге болған), ал кәрізге 1000 литр үшін 36,16 теңгеге жетті (бұрын 27,10 теңге болған).
«Шығыс Қазақстан облысының 3 ауылында және Қарағанды облысының Кеңгір ауылында су және кәріз қызметтерінің бағалары жоғарылады. Тарифтермен барлық тұтынушыларды міндетті түрде таныстырдық»,-деп түйді А. Дүйсебаев.