Республикамыздың мектепке дейінгі ұйымдарында 100 орынға орта есеппен 104,9 баладан келеді

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылы республикада 4781 тұрақты мектепке дейінгі ұйымдар жұмыс істеді.

Республикамыздың мектепке дейінгі ұйымдарында 100 орынға орта есеппен 104,9 баладан келеді

Оларда 390,8 мың бала (49 пайыз қыздар және 51 пайыз ұлдар) оқыды және тәрбиеленді. Аталмыш нысандардағы 3 және одан үлкен жастағы балалар 84,1 пайызды құрады. Тұрақты мектепке дейінгі ұйымдардың жалпы санынан 4 471-і немесе 93,5 пайызы мемлекеттік ұйымдар болып табылады. Ондағы контингентінің саны - 362,1 мың бала (92,7 пайыз). Бұл туралы ҚазАқпарат Статистика агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттік мәліметіне сүйенсек, 2009 жылмен салыстырғанда 2010 жылы еліміздегі осы санаттағы ұйымдар саны 2 929 бірлікке (2,6 есеге), ал балалар саны 111,7 мыңға (1,4 есеге) көбейді. Республика бойынша 100 орынға орта есеппен 104,9 баладан келеді. Қалалық жерлерде осы көрсеткіш - 111, ауылдық жерде 94,9 баланы құрады. «Мектепке дейінгі ұйымдардың жалпы санынан 4 609 немесе 96,4 пайызы - жалпы мақсаттағы ұйымдар. 81 ұйым (1,7 пайыз) - шипажайлық, 53 (1,1 пайыз) - арнаулы мақсаттағылар болып табылады. Жалпы мақсаттағы ұйымдарда 375,9 мың бала (немесе жалпы тәрбиеленушілердің санынан 96,2 пайызы), шипажайлық - 7,1 мың бала (1,8 пайыз), арнаулы - 7,8 мың бала (2,0 пайыз) тәрбиеленді», - делінген агенттіктің таратқан баспасөз айғағында.