Республиканың басым аумағында жоғары температура сақталып, жауын-шашын көлемі тиісті нормадан төмен болмақ

АСТАНА. Тамыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазіргі кезде Қазақстан аумағындағы табиғи өртке байланысты жағдай қиын.

Республиканың басым аумағында жоғары температура сақталып, жауын-шашын көлемі тиісті нормадан төмен болмақ

Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров мәлім етті.

Биылғы жылдың 7 айында мемлекеттік орман қоры аумағында 363 өрт тіркелді. Оның ішінде 120-сы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ведомстволардың айрықша бақылауындағы табиғи аумақтарында, ал 243-і жергілікті атқару органдарының орманды алқаптарында болған. В. Петровтың сөзіне қарағанда, осы өрттің салдарынан тілсіз жау шарпыған аумақтың жалпы ауданы 4 мың гектар жерді қамтыған, сондай-ақ материалдық шығын 35 миллион теңгеден астам қаржыны құрайды. «Өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштерімен салыстырғанда Қазақстан ормандарындағы өрт саны 10 пайызға төмендеді, ал өрттің аумағы 19 пайызға өсті», - деді вице-министр. Республиканың жазық жерлерінде жалпы аумағы 55 мың гектар алқапқа жайылған 169 өрт тіркелді. Осының салдарынан келген шығын 4 миллион теңгені құрайды.

«Жалпы тіркелген өрт саны 17 пайызға, ал оның аумағы 10 пайызға өсті. Өрт салдарынан 2 адам зардап шекті және 200-ден астам ұсақ мал басы қырылған, сондай-ақ осы аудандардағы өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесіне айтарлықтай зиян келтірілді», - деді В. Петров. Оның айтуынша, орманды далалы алқаптардағы өрттердің басым бөлігі тамыз-қыркүйек айларына тиесілі. «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша тамызда және қыркүйектің бірінші жартысында республиканың басым аумағында жоғары температура сақталмақ, ал жауын-шашын көлемі тиісті нормадан төмен болмақ.