Республиканың бірқатар аймақтарында жел күшейіп, боран соғады, көктайғақ болады - 28 желтоқсанға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанның солтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігінде ауа райының тұрақсыздығы сақталады, атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты кей жерлерде қар жауады деп күтілуде, жел күшейеді, боран соғады, көктайғақ болады, тұман түседі.
Бұл туралы «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Ақмола облысында кей жерлерде боран соғады, тұман түседі, жел 15-20 м/с-ке күшейеді.
Алматы облысының бірқатар аймақтарында тұман түседі, көктайғақ болады, түнде Жалаңашкөл ауданында жел 18-23 м/с-ке күшейеді. Жамбыл облысында кейбір жерлерде тұман түседі деп болжануда, күндіз жекелеген аудандарда жел 15-20 м/с-ке күшейеді. Маңғыстау облысында кей жерлерде тұман түседі деп күтілуде, күндіз жекелеген аудандарда жел 15-20 м/с-ке күшейеді. Қостанай облысында түнде және таңертең кей аймақтарда тұман түсуі ықтимал, таңертең және күндіз жекелеген аудандарда жел 18 м/с-ке күшейеді. Павлодар облысында кей жерлерде боран соғады деп күтілуде, жел 15-20 м/с-ке күшейеді.
Шығыс Қазақстан облысының жекелеген аудандарында жел 15-20 м/с-ке күшейеді, түнде және таңертең тұман түседі деп күтілуде. Қызылорда, Атырау облыстарының бірқатар жерлерінде тұман түседі, көктайғақ болады.
Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында, түнде және таңертең Ақтөбе облысында кей жерлерде тұман түседі деп болжануда.
Алдағы тәулікте Қазақстанның сулы нысандарында мұз қату үдерісі жалғасады, республиканың оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және шығысының жекелеген өзендерінде су деңгейі тұрақсыз болуы мүмкін.