Республиканың бірқатар өңірлерінде аптап ыстық болады - 10 шілдедегі ауа райы болжамы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республиканың басым бөлігінде атмосфералық ағындардың өтуімен ауа райының тұрақсыз сипаты күтіледі, кей жерлерде күн күркіреп, жауын жауады, жел күшейеді, оңтүстікте шаңды дауыл көтеріледі. Қазақстанның оңтүстік-шығысында және шығысында ауа райы ашық болады, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Республиканың бірқатар өңірлерінде аптап ыстық болады -  10  шілдедегі ауа райы болжамы

Ақтөбе, Қызылорда, таңертең және күндіз Ақмола, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, күндіз Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерде желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді, Қызылорда облысында шаңды дауыл көтеріледі. Маңғыстау облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсіп, күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Күндіз Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, кей жерлерде Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында аптап ыстық болады. Қарағанды облысында күшті ыстық, кей жерлерде өте күшті ыстық болады. Республиканың оңтүстігінде, батысының кей жерлерінде, солтүстік-батысында, оңтүстік-шығысында және орталығында өте жоғары өрт қаупі сақталады.

Таяудағы тәуліктерде республиканың оңтүстігіндегі, оңтүстік-шығысындағы және шығысындағы тау өзендерінде су бетінің құбылуы байқалады. Іле өзенінде Қапшағай су қоймасына келетін ағын елеулі өзгермейді. Қапшағай, Шардара су қоймалары, Бұқтырма су қоймасы бірте-бірте толтырыла бастайды.