Республиканың қаңтар-қазандағы сыртқы сауда айналымы 39,7 пайызға артып, 101,1 млрд. АҚШ долларын құрады - Үкімет отырысы
АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - /Марлан Жиембай/ - Республиканың қаңтар-қазандағы сыртқы сауда айналымы 39,7 пайызға артып, 101,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов мәлім етті.
«Экономиканың нақты секторындағы өсудің жоғарғы қарқыны сыртқы коньюнктураның қолайлылығымен ағымдағы қаңтар-қазан айларының қорытындысында сыртқы сауда айналымы өсімінің 39, 7 пайызға артуына септігін тигізді. Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша ол 101,1 млрд. долларды құрады», - деді министр.
Оның айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тауар экспорты 48,2, импорт - 22, 4 пайыз өсім көрсеткен.
«Ағымдағы жылдың 10 айында Кеден одағы елдерінің өзара саудасы 43,3 пайызға өсті. Оның ішінде экспорт - 51,4, импорт - 39,8 пайызды құрады», - деді ол.