Республиканың кейбір аймақтарында түнде қатты аяз күтілуде - Қазгидромет
АСТАНА. ҚазАқпарат - 7 ақпан күні республика аумағының басым бөлігінде бұрынғыша атмосфералық фронтальдық ағындардың өтуіне байланысты ауа райының тұрақсыздығы сақталады, жер-жерлерде қар, боран, қатты жел, жекелеген аудандарда тұман, көктайғақ күтіледі. Бұл туралы «Қазгидрометке» сілтеме жасап, ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарланды.
Алматы облысының Жалаңашкөл ауданында 18-23 м/с-қа жел күшейіп, екпіні 28 м/с-қа дейін барады. Оңтүстік Қазақстан облысының бірқатар жерлерінде боран соғып, тұман болады, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін барады.
Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында, күндіз Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде бұрқасындатып, жел 15-20 м/с-қа күшейеді. Маңғыстау облысында жел 15-20 м/с-қа күшейеді, кейбір аудандарында тұман, көктайғақ болып, боран соғады. Күндіз Атырау облысының кей жерлерінде желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін барады. Түнде Алматы, Маңғыстау облыстарында қатты аяз болу ықтимал. Атырау облысының кейбір жерлерінде қатты аяз болады деп күтілуде.