Республиканың кейбір жерлерінде тұман түсіп, жел күшейеді - 6 наурызға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның басым бөлігінде антициклон ықпалымен күн ашық болады, республиканың солтүстігінде, оңтүстік түпкірінде және оңтүстік-батысында ғана жауын-шашын, кей жерлерде жаяу борасын болады. Республика бойынша кей жерлерде тұман түсіп, жел күшейеді, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидрометке сілтеме жасап.
Ақмола, Павлодар, Қызылорда облыстарында кей жерлерде тұман түседі. Маңғыстау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде тұман түседі, желдің күші 15-20 м/с-қа жетеді. Ақтөбе облысында түнде кей жерлерде 18 м/с-қа дейін жел күшейіп, жаяу борасын болады. Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында күндіз желдің күші 15-20 м/с-қа дейін жетіп, Қарағанды облысында бұрқасын көтеріледі. Алматы облысында кей жерлерде тұман түседі, Жалаңашкөл ауданында желдің күші 15-20 м/с-қа дейін жетіп, күндіз желдің ұйтқуы 25 м/с-қа дейін күшейеді.
Таяудағы тәуліктерде Қайраққұм су қоймасынан келетін су мөлшерінің ұлғаюы есебінен Сырдария өзенінде Шардара су қоймасына ағын бірте-бірте арта түсуі күтілуде. Қазақстанның оңтүстігіндегі, оңтүстік-шығысындағы және шығысындағы өзендерде су деңгейінің құбылуы байқалады. Республиканың оңтүстігіндегі және оңтүстік-шығысындағы кейбір өзендерде мұз қабатының одан әрі әлсіреуі күтілуде.