Республиканың көптеген бөлігінде 19 наурыз күні жауын-шашын, тұман, көктайғақ болып, желдің күшеюі күтілуде

Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасаған ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен хабарлайды.
Республиканың солтүстік бөлігінде ғана күн райы ашық болады деп күтілуде. Батыс Қазақстан облысында кейбір жерлерде тұман, көктайғақ күтіледі, күндіз желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ке дейін жетеді.
Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының кейбір жерлерінде тұман, желдің 15-20 м/с жылдамдықпен соғуы күтіледі.
Атырау облысында, түнде Маңғыстау облысында, күндіз Оңтүстік Қазақстан облысының кейбір жерлерінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-ке дейін жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысының кейбір жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады.
Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Павлодар облыстарында, түнде және таңертең Ақмола облысының кейбір жерлерінде тұман болады.
Алматы облысында түнде және таңертең кейбір жерлерде тұман түседі, Алакөл көлінің ауданында желдің 18-23 м/с-ке дейін күшеюі күтілуде.
Жақын тәуліктерде Шығыс Қазақстан облысының өзендерінде мұзқабатының одан әрі әлсіреуі күтіледі, мұз кептелісінің қалыптасуы, су деңгейлерінің күрт көтерілуі, тасқындар мен су басулар болуы мүмкін.
Тарбағатай, Зайсан, Аягөз, Үржар ауданында беткейлік ағынның қалыптасуы мүмкін. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарының жекелеген өзендерінде көктемгі тасқынның одан әрі дамуы, су деңгейлерінің көтерілуі мүмкін. Солтүстік облыстардың өзендерінде мұзқатқының бірте-бірте әлсіреуі байқалады.