Республиканың солтүстігі мен батысында қар жауады
АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағының солтүстік, солтүстік-батыс және оңтүстік бөлігінің шеткері аймақтарының ауа райына ауа ағындары әсер етіп, кей жерлерде қар жауады, деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі Қазгидромет мәліметтеріне сілтеме жасап.
«Қазақстан аумағының солтүстік, солтүстік-батыс және оңтүстік бөлігінің шеткері аймақтарының ауа райына ауа ағындары әсер етіп, кей жерлерде қар жауады. Республиканың қалған аумағы жоғары атмосфералық қысым аясында болады», - делінген ведомство ақпаратында.
Алматы облысының кей жерлерін тұман басып, Жалаңашкөл ауданында екпіні секундына 20-25, кейде 30 метрден астам жылдамдықпен жел соғады.
Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының кей жерлерінде тұман түседі. Павлодар облысында жел қуаты секундына 18 метрге дейін жетпек.
Сонымен қатар таяудағы тәуліктерде республиканың су нысандарында мұз қату үрдісі жүріп, кейбір өзендерде мұз кептелісі салдарынан су деңгейінің көтерілуі мүмкін.