ReStart жобасы: биыл 60 тоннадан астам пластик жиналды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ReStart жобасының оныншы мерейтойлық маусымы қорытындыланды.

ReStart жобасы: биыл 60 тоннадан астам пластик жиналды
Фото: CCI Kazakhstan

Биыл жобаға еліміздің 23 жоғары оқу орны мен 220 мыңнан астам студент қатысты. Жоба аясында Қазақстанның оннан астам өңірінде экологиялық акциялар, тренингтер мен сенбіліктер ұйымдастырылды. Іс-шаралардың бір бөлігі республикалық «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде өтті.

ReStart жобасы
Фото: CCI Kazakhstan

Қатысушылар қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу бағытында білім алып, нәтижесінде 60 тоннадан астам пластик жинады.

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің айтуынша, жастардың бастамалары елдегі экологиялық саясатты дамытуға тың серпін береді.

— ReStart — бірегей жоба. Жастар мен оқытушылар қауымы қоғамдағы ең белсенді әрі жаңашыл ортаның бірі саналады. Студенттік ортада дүниеге келетін бастамалар экологиялық саясатты дамытуға тың серпін береді. Министрлік мұндай бастамаларды толық қолдайды. Біз бұл жобамен және осыған ұқсас өзге де бастамалармен белсенді ынтымақтастық орнатып келеміз. Қазір әр азаматтың бойында экологиялық мәдениет пен экологиялық ойлау дағдысын қалыптастыру маңызды міндетке айналды, — деді ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі.

«Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту коалициясы басқарма төрағасы Әлия Рахымбекованың айтуынша, ReStart жобасы жылдар өте келе студенттер арасындағы байқаудан жастардың экологиялық мәдениетін дамытуға арналған ауқымды алаңға айналған.

— Бүгінде ReStart жай ғана жоғары оқу орындары арасындағы байқау емес. Бұл — студенттер нақты экологиялық шешімдер әзірлеуді үйренетін алаң. Мұнда ұсынылған бастамалар жоба аяқталғаннан кейін де жалғасын табады. ReStart еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастарды біріктіріп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді, — деді ол.

ReStart жобасы
Фото: «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту жөніндегі коалиция

Әлия Рахымбекова жоба қатысушылары іс-шаралар аяқталғаннан кейін де экологиялық бастамаларға белсенді араласатынын атап өтті. Оның айтуынша, студенттер оқу жылы бойы пластик қалдықтарын жинап, экологиялық тренингтер мен түрлі ағартушылық іс-шаралар өткізеді.

Жобаның тиімділігі жиналған пластик көлемінің жылдан-жылға артуынан байқалады. Егер сегізінші маусымда қатысушылар 17 тоннадан астам қалдық жинаса, тоғызыншы маусымда бұл көрсеткіш 35 тоннаға жеткен. Ал биыл жиналған пластик көлемі екі есеге жуық өсіп, 60 тоннадан асты.

Мерейтойлық маусым жеңімпаздары салтанатты марапаттау рәсімінде анықталды. ReStart жобасының оныншы маусымындағы бас жүлде — құны 5 миллион теңге болатын жабдық — Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне берілді.

Сондай-ақ жобаға белсенді қатысқан кураторлар ұйымдастырушылар тарапынан 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі сыйақымен марапатталды.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан ҰОК-нің ECO Athlete жобасы аясында өткен үшінші экологиялық акция барысында 700 келіден астам қоқыс жиналған болатын.