Реттелетін нарықта отандық субъектілер бірқатар теңсіздіктерге ұшырап отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Реттелетін нарықта Қазақстанның заңнамалары бойынша отандық субъектілер ресейлік субъектілердің алдында бірқатар теңсіздіктерге ұшырап отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Табиғи монополиялар мен реттелетін нарық субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеудің маңызды сұрақтары: мәселелер мен оларды шешу жолдары» атты жыл сайынғы форумда «Бәсекелестік саясатты қорғау және дамыту орталығы» АҚ президенті, экономика ғылымдарының кандидаты Алдаш Айтжанов айтты.
«Бізде реттелетін нарықта бағаны мемлекет белгілеп беретін бірқатар салалар бар. Мәселен теміржол тасымалдарын алайық. Бұл салада мемлекет бағаның жоғары шегін қойып береді. Субъект ТМРА-ға барып, тарифін қойғызады. Сосын оны жоғарылатуға немесе төмендетуге құқығы жоқ. Ал ресейлік субъект біздің елге кірсе, оған ондай талаптар қойылмайды. Ол өзі қалаған бағасын қояды. Нарықта оның тауарына сұраныс көп болса, ол бағасын көтеріп жібереді, ал керісінше сұраныс аз болса, ол бағасын төмендете алады. Ал біздің субъектілер бағасын түсіру немесе көтеру үшін тағы да ТМРА-ға барып, тағы да бекіттіріп, қарастырып әлек болады. Сөйтіп жүргенде 2-3 ай өтіп кетеді де, нарық тағы да өзгереді», - дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінгі форумда осы және басқа да мәселелерге байланысты бірқатар ұсыныстар қабылданып, Үкіметке жолданатын болады. Форумға мүдделі мемлекеттік органдар өкілдері мен нарық субъектілері қатысты. «Бұл екі тараптың өзара пікір алмасып, болашақта ҚР заңнамаларына енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерді талқылайтын ең үлкен алаң. Сондықтан форумға қатысушылар елімізде табиғи монополиялар мен реттелін нарық туралы тың жаңалықтарды Үкімет өкілдерінің өз аузынан ести алады», - деп атап өтті А. Айтжанов.