Рейд: Нұр-Сұлтандағы бар 100-ге жуық клиентті жасырын кіргізген

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Мобильді топтардың рейдтік тексеруі кезінде түнгі сағат 23.36-да қонақ қабылдаған Chechil pub барын анықталды. Мекемеде жүзге жуық адам көңіл көтерген. Келушілер бар үстелдеріне ас үй арқылы кіргізілгені белгілі болды. Бұл ойын-сауық мекемесі бұрын да карантин талаптарын бұзғаны үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылған», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі.
Мекеме иесін Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 425-бабы бойынша жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органға заң бұзу фактісі туралы мәлімет жіберілді.
Мобильдік топ құрамындағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, әкімдік өкілдері, волонтерлер мен полицейлер бір тәулік ішінде 55 кәсіпкерлік нысанын тексеріп, 10 карантин режимін бұзу фактісін тіркепті.
«Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті карантин талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді және елорда тұрғындарын санитарлық нормалар мен әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырады. Мобильдік топтар карантин талабын бұзушыларды анықтау үшін күшейтілген режимде жұмыс істейді», - делінген департаменттің дерегінде