Рейс кешіккен кезде тиісінше қызмет көрсетпеген авиакомпаниялар жауапқа тартылды
«Тергеу барысында биылғы 5 маусымда «Эйр Астана» компаниялар тобына кіретін Fly Arystan әуетасымалдаушысының Алматы – Шымкент бағыты бойынша КС-7105 рейсі 15 сағат 10 минутқа кешіккені анықталды. Осы рейстің жолаушыларына ұшуды күту кезінде «ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңның 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда қонақ үйге орналастыру қызметі дұрыс деңгейде көрсетілмеген.
Осыған байланысты, 28 шілдеде авиакомпанияға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 567-бабының 2-бөлігімен хаттама толтырылып, оған сәйкес авиакомпанияға 1 000 АЕК (3 000 063 теңге) көлемінде айыппұл салынды», - деп мәлімдейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бұған дейін «Эйр Астана» компаниялар тобы ағымдағы жылдың 7 және 21 шілдесінде рейсті кешіктіру кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 1 000 АЕК (3 000 063 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Жалпы, биыл «Эйр Астана» компаниялар тобы рейстің кешігуі кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 9 189 000 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп толықтырады ведомстводан.
Қазіргі уақытта рейстің кешігуіне және жолаушылар құқықтарының бұзылуына байланысты тергеу жалғасып жатыр. Құқық бұзушылық фактілері анықталған жағдайда тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.