«Резеңке пәтерлер»: заңгер пәтерге қанша адамды тіркеуге болатынын түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Бір пәтерде қанша адам тіркелуі мүмкін? 10, 20, тіпті 100 адам дегеннің өзі көп көрінеді. Алайда елордада былтыр бір пәтерге 3 450 адамның тіркелген жағдайы анықталған. Тұрғындарды тіркеу тәртібін заңгер Арыс Данағатов Jibek Joly телеарнасындағы «Бүгін.LIVE» бағдарламасында түсіндірді.
– Осы кезге дейін заңда нақты шектеу болмаған. Сондықтан кейбір адамдар көп адамды бір пәтерге тіркей берген. Біреулер мұны бизнес ретінде пайдаланған. Мысалы азамат басқа ауданда тұрады, бірақ жақсы мектеп немесе ауруханаға жақын болу үшін сол ауданға тіркелуге тырысады. Сол себепті адамдар орталыққа жақын осындай пәтерлерге тіркелуге ұмтылады, – деді ол.
Заңгердің айтуынша, пәтердегі тіркеу саны оның алаңына байланысты есептеледі.
– Қазіргі шектеу бойынша бір адамға 15 шаршы метр есептеледі. Мысалы, пәтердің көлемі 60 шаршы метр болса, оны 15-ке бөлеміз. Сонда төрт адамды тіркеуге болады. Ал одан көп адамды тіркеуге болмайды. Бірақ бұл шектеу жақын туыстарға, яғни балаларыңызға, ата-әжелеріңізге қатысты қолданылмайды, – деп түсіндірді маман.
Ал пәтер жалдап тұратын азаматтардың жағдайында заңгер тұрғын мен үй иесі арасында жалдау шарты жасалуы керек екенін атап өтті.
– Заң бойынша пәтерді жалға алсаңыз, жалдау туралы шарт жасайсыз. Егер шарт 12 айдан ұзақ болса, оны ХҚО-да тіркеу керек. Бірақ көбінесе пәтер иелері салық төлегісі келмегендіктен, шарт жасамайды. Ақшаны қолма-қол алады. Бұл жерде де заң бар, бірақ адамдардың сол заңға сәйкес жұмыс істеуі өздеріне байланысты, – деді Арыс Данағатов.
Маман пәтерге заңсыз адамдарды тіркеудің жауапкершілігі де бар екенін айтты. Оның айтуынша, мұндай жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Заңсыз тіркеу ауқымды сипат алған жағдайда өзге де жауапкершілік түрлері қолданылуы мүмкін.
Ал бұрыннан нормадан артық адам тіркелген пәтерлердегі азаматтардың автоматты түрде тіркеуден шығарылатыны немесе шығарылмайтыны әзірге нақты белгісіз. Заңгердің айтуынша, бұл мәселе бойынша тиісті органдардың тексеруі жүргізіліп жатыр.
Жаңа талаптардың пәтер жалдау нарығына әсері де тұрғындарды алаңдатып отыр. Алайда заңгер бұл өзгеріс баспана нарығына айтарлықтай ықпал етпейді деп есептейді.
– Менің ойымша, бұл пәтерді алу-сатуға әсер етпейді. Бірақ қазір шетелден келетін мигранттар ағыны көбейді. Оларға пәтер бойынша тіркелу маңызды. Сондықтан осындай кезде мәселе туындауы мүмкін, – деді заңгер.
Айта кетейік, бұған дейін, жалға алушының рұқсатынсыз пәтерге кіретін пәтер иелері жайлы жазған едік.