Режеп Ердоған жеңіске жетті – Түркия Жоғары сайлау кеңесі

АНКАРА. ҚазАқпарат – Түркия президентін сайлаудың екінші кезеңінде іс басындағы президент Режеп Тайип Ердоған жеңіске жетті. Бұл туралы Анадолы агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Режеп Ердоған жеңіске жетті – Түркия Жоғары сайлау кеңесі

«99 пайыздан астам дауыстарды санау қорытындысы бойынша президент сайлауының екінші кезеңінде іс басындағы мемлекет басшысы Режеп Тайип Ердоған жеңіске жетті», - делінген Түркия Жоғары сайлау кеңесінің ақпаратында.

Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенердің мәліметінше, 99,43 пайз бюллетеньдерді санау қорытындысымен Режеп Тайип Ердоған – 52,14 пайыз, Кемаль Кылычдароглу 47,86 пайыз дауыс жинады.

Еске салайық, жексенбі, 28 мамырда Түркияда президент сайлауының екінші кезеңі өтті. Дауыс беру учаскелері жергілікті уақытпен сағат 17.00-де (Астана уақытымен 20.00-де) жабылды.

14 мамырда өткен сайлаудың бірінші кезеңінде кандидаттардың ешбірі 50 процент дауыс жинай алмады: Түркияның іс басындағы басшысы Режеп Тайип Ердоған – 49,52%, оппозициялық Халық-республикалық партиясының көшбасшысы Кемаль Кылычдароглу – 44,88%, «Альянс АТА» блогынан кандидат Синан Оган – 5,17%, «Отан» партиясының өкілі Мухаррем Индже 0,43%.

Сайлаудың екінші кезеңінде жеңіске жету үшін үміткерлер 50 пайыздан астам дауыс жинауы тиіс еді.