Режеп Тайып Ердоған Астанада стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркия Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары қалай өтетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған биылғы 12-13 қазанда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Сапар аясында 12 қазанда қос мемлекет басшыларының екіжақты кездесуі, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-ші отырысы өтеді», - - деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте.
Келіссөз барысында өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, тараптар екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылайды.
Сонымен бірге, Түркия Республикасының басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне де қатысады.
Айта кетейік, бұл аптада Қатар, Түркия және Түрікменстан басшылары Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.