Режиссер «Алмас қылышты» Қытайдағы қандастарымызға көрсетуге қатысты өтінішке жауап берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда "Қазақ xандығы. Алмас қылыш" фильмі прокатқа шыққаннан кейін Қытайдағы қандастарымыз елең етіп, фильмді қашан және қайда көре алатындарын сұрап, оны сол жерде прокатқа шығару мәселесін шешуді өтінген еді. ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген режиссер Рүстем Әбдіраш  қандастарымыздың осы бір өтінішіне жауап берді.

Режиссер «Алмас қылышты» Қытайдағы қандастарымызға көрсетуге қатысты өтінішке жауап берді

"Бұның бәрі дистрибьюторға байланысты. Бізде мына жақта бір дистрибьютор болған. Қазір соны таба алмай отырмыз. Қытай жақта жүр-ау деймін. Сол жақтан дистрибьютор боламыз десе, біз дайынбыз. Қытайдың барлық аудандарына шықпай-ақ қояйық, ең бастысы, Үрімші жақтағы дистрибьюцияға өткізуге адам болса, келісімшартты рәсімдеп, фильмді апарып көрсетуге болады", - дейді Әбдіраш.

Режиссердің сөзіне қарағанда, бас кезінде ұсыныстар болған. Бірақ алдымен Қазақстандағы прокатты реттеп алу қажет еді. Ендігі кезекте сан алуан фестивальдер арқылы фильмді шетелге шығару, мүмкіндік болса, прокатқа шығару шаралары қолға алынады.

"Егер Қытай жақтағы қазақтардан дистрибьютор бар, өзіміз көрсетеміз деп, ұсыныс жасаса, біз кездесіп, келісімшартқа отыруға әзірміз. Өйткені Қытайда да бюрократия бар. Ол жақта прокатқа шығу үшін квота қажет. Ал сол жақтағы қазақтардың ішінде сөзі өтетін азаматтар табылса, фильмді тездетіп көрсетуге болады. Біз өз тарапымыздан дайынбыз", - деп атар көрсетті режиссер.

Айта кетейік, қаңтардың 5-сі күні «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмі прокатқа шыққан болатын.  "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі тарихи туындыны кинотеатрдан бірінші болып тамашалаған көрермендердің пікірін жазып алған еді. Режиссер Рүстем Әбдіраштың өзі халықтың ой-пікірін білу мақсатында кинотеатрларды жасырын аралап жүргенін жеткізген.