Режиссер Талғат Теменов жаңа фильм түсіруде
АЛМАТЫ. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Алматыда белгілі режиссер Талғат Теменов «Менің күнәһар періштем» атты жаңа романтикалық фильмін түсіруді бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фильмде Айша Абыроева атты талантты жас әнші туралы баяндалады. Оның арманы - осы қабілетімен көтеріліп, Францияда ән шырқау. Бұл мақсатқа жету жолында оған қамқоршы боп жүрген банкир жігіт көмектеседі. Ақырында Парижден шақырту алған Айша жағдайы төмен бір жас жігітке ғашық болып қалады. Оның алдында екі жолды таңдау тұр: махаббат па, әлде даңқ па?
Фильмді түсіру қазір қала көшелерінде, театрларда және басқа да көпшілік орындарда жүргізілуде. Ол қыркүйектің 12-сіне дейін жалғасады. Кинотуындыға белгілі француз әртісі Жерар Депардьені шақыру жоспарланған. Әлемге танымал француздық актер бұған дейін «Кешіккен махаббат» атты отандық фильмге түскен еді. Туынды алдағы қыркүйек айында жарыққа шығады деп күтілуде.