РФ Мемлекеттік Думасының қарауына сиеста туралы заң жобасы енгізілді
АСТАНА. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат - РФ Мемлекеттік Думасының қарауына сиеста туралы заң жобасы енгізілді. Халықты біраздан бері әбіржітіп отырған аптап ыстықтың беті қайтпаса, бұл жобаға сәйкес, Ресейде жұмыс күндері түскі үзілісті бес сағатқа дейін ұзарту ұсынылып отыр. «Маяк» радиосының хабарлауынша, Еңбек кодексіне ұсынылып отырған бұл түзетулердің авторы -депутат Иван Саввиди.
Үзілістердің уақыты мен ұзақтығы ұйымның ішкі еңбек тәртібінің ережелерімен белгіленеді деп пайымдалуда, бірақ оның ұзақтығы бес сағаттан аспауы керек.
Бұған дейін «Роспотребнадзор» басшысы Геннадий Онищенко, сиеста енгізу үшін ешқандай жаңа заңның керек емес екенін, барлық мәселе санитарлық ережелерде жазылып қойғанын мәлім еткен болатын.