РФ Новгород облысында Төлеген Тоқтаровтың бюсті қойылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат  - РФ Новгород облысы Старая Русса қаласында павлодарлықтардың қатысуымен Кеңес Одағының батыры, Шығыс Қазақстан облысының тумасы Төлеген Тоқтаровқа  бюст орнатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Бюсттің ашылуына Қазақстан Республикасының Санкт-Петербургтегі консулы, Старая Русса, Великий Новгород қаласы әкімшілігінің өкілдері, Новгород облыстық «Память» және «Долина» іздеу жасақтарының мүшелері, сонымен қатар Павлодарлық «Майдан жолы» жасағы қатысты.

Бюстті орнатуға ERG Еуразиялық тобы қаржылай қолдау көрсетті. Павлодар жасағының қатысушысы Виталий Кожокардың хабарлауынша, іздеушілер мен ардагерлерге «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы» медалі табысталды. Салтанатты митингке Старая Русса екінші мектебінің, сондай-ақ нөмірі бесінші мектептің ту ұстаушы тобының оқушылары қатысты. Әскери өлеңдер мен әндер орындалды.

Төлеген Тоқтаров 1920 жылы Шығыс Қазақстан облысы Таврия ауданы Қарақұдық ауылында дүниеге келген. Төлегеннің ата-анасы ашаршылық жылдарының құрбаны болған. Әкесінің інісі Ғадылқұмар Төлегенді сол кездегі Риддер қаласына алып келеді. Мұнда Төлеген қазақ мектебінде жеті кластық білім алады.

Кішкентай кезінен қиындық қыспағын көріп, ол өте пысық әрі өжет болып өседі. 1938 жылы он жеті жасында сол кездегі ірі кәсіпорын - қорғасын зауытына жұмысқа түседі. Ол алғашқы күндерден-ақ өзін қабілетті, іскер жас ретінде көрсетеді.

Ұлы Отан соғысы басталғанда әскер қатарына алуын өтінген Төлегеннің өтініші қабылданады. Ерікті түрде ол бастаған лениногорлық бір топ жас жауынгерлер Москва маңындағы Панфилов дивизиясына келіп қосылады. Бұл 1942 жылдың 12 қаңтары болатын. Осылайша Төлеген 275-полктың автоматшылар ротасының жауынгері болады. Міне, осы қаңтар айынан бастап оның майдандағы өмірі басталады.

Өте тапқыр, ержүрек те ақжарқын жас жігіт келген күннен-ақ рота жауынгерлері арасында зор сүйіспеншілікке бөленді. Ол өз өнегесімен қарулас жолдастарын жеңіске жігерлендіріп, бәрін батыл қимылдауға, қауіпті кезде селт етпеуге шақырды. «Ажалдың көзіне тура қара, кірпік қақпа, сонда сенен ажал қорқады, сен жеңесің», - дейтін еді ол. 
Төлеген Нагаткино, Соколово, Трошково, Бракловицы, Траково деревнялары үшін болған ұрыстарда ерекше ерлігімен көзге түседі, Төлегеннің бөлімшесі 1942 жылдың 9 акпанында Бородино селосы үшін дұшпанға қарсы ұрыс жүргізді. Бұл ұрыс бірнеше күнге созылды. Даңқты ерлікке толы Бородино үшін болған ұрыста Төлеген ерлік көрсетіп, қаза тапты. 
Т.Тоқтаровқа Кеңес Одағының батыры атағын беріліп, оны ерлігі жоғары бағаланды. 

Соңғы жаңалықтар