Іргелі ғылымды қаржыландыру мерзімі тым қысқа - депутат
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова ғылымды қаржыландыру мерзімін ұзартуға қатысты Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Қаржы министрлігіне сауал жолдады.
- Ғылым мен инновацияның конституциялық деңгейдегі басымдықтар қатарына көтерілуі кездейсоқ емес. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды дамытуға бағытталған жүйелі саясаты мен тұрақты қолдауының көрінісі. Соңғы жеті жылда ғылым саласын дамытуға бағытталған маңызды қадамдар жасалды. Қазіргі заманғы қоғамда ғылымға қойылатын талап та жоғары. Бұл үшін ғалымдарға қажетті жағдай жасап, ең алдымен, ғылымды қаржыландыру жүйесін жетілдіру маңызды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында гранттық қаржыландыру мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі зерттеулерге кедергі келтіретінін атап өтіп, оны бес жылға ұзартуды ұсынды. Бұл бастама заңнамалық тұрғыдан қолдау тауып, жаңа норма 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Кейін 2024 жылғы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның 34-бабында толығымен сақталды. Бірақ арада 4 жылдан астам уақыт өтті. Негізгі гранттық конкурстар әлі де үш жылдық циклмен өткізіліп келеді, - деді Лаура Қарабасова Құрылтайдың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, ғалымдар осы үш жылды да толық пайдалана алмай келді. Өйткені конкурстық рәсімдердің кемінде 100 күнге кешігуі қалыпты жағдайға айналған. Нәтижесінде, зерттеудің нақты мерзімі қысқарып, көп жағдайда екі-екі жарым жыл ғана қалады. Бұл – жай ғана әкімшілік кідіріс емес, зерттеудің қарқыны мен нәтижелілігіне тікелей әсер ететін фактор.
- Ғылымға уақыт бермей, одан үлкен нәтиже талап етуге болмайды. Тағы бір маңызды жайт бар. 2026 жылғы 24 маусымдағы заңға енгізілген толықтыру ғылыми жобаның мерзімін шарт жасалған күннен бастап есептеуді бекітті, яғни ғылымды дамытуға заңнамалық негіз жасалды. Қаржы тетігі де көзделген. Ендігі мәселе – министрліктердің нақты басқарушылық шешім шығаруында. Сондықтан министрліктерге 2027 жылдан бастап іргелі ғылыми жобалар бойынша 60 айлық гранттық қаржыландыру конкурсын өткізуді ұсынамыз. Бұдан бөлек, іргелі ғылым үшін бес жылдық қаржыландыруды негізгі модель ретінде енгізуді және жобаның толық жоспары мен қаржыландыру көлемін бекітуді маңызды санаймыз. Төртінші және бесінші жылдарға қажетті шығыстарды кейінгі бюджеттік циклдерде алдын ала жоспарлау тетігін енгізу қажет. Қолданбалы және іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурстарын бөлек ұйымдастыруды ұсынамыз, - деді депутат.
Бұған дейін хабарланғандай, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға бағытталған бюджет теңгесіне шаққанда қандай нәтиже болғанын айтты.