Рыбакинаның басты қарсыластарының бірі Париж Олимпиадасына бармайды
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемнің үшінші ракеткасы, Беларусь теннисшісі Арина Соболенко Франция астанасы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына қатыспайтынын мәлімдеді.
Бұл туралы журналист Марио Бакарди өзінің әлеуметтік желілерінде хабарлады.
«Үлкен дулыға» турнирінің екі дүркін чемпионы Олимпиадаға қатыспауының себебін жарыстардың көптігімен және жабындылардың өзгеруімен байланыстырып отыр.
Яғни, оған бірден топырақ жабындыдан шөп жабындысына ауысу қиынға соғып отырғанға ұқсайды.
Ал тығыз ойын кестесіне келсек, сарапшылар жылда өтетін турнирлерден гөрі төрт жылда ұйымдастырылатын Олимпиадаға қатысу абыройлы екенін алға тартып отыр. Мұндай шешімнің саяси астары да бар сияқты.
Себебі, Париж Олимпиадасында Ресей және Беларусь теннисшілері өз елдерінің атынан қатыспай, бейтарап мәртебемен өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Соболенко 2021 жылы Токио Олимпиадасында екінші айналымда-ақ жеңіліп қалған болатын.
Естеріңізге салсақ, былтыр Мексиканың Канкун қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінде ауа райына байланысты Елена Рыбакина мен Арина Соболенконың матчы кейінге қалған еді.