Риддер қаласында 40 жастағы ер адам суға кетті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Риддер қаласындағы жасанды су айдыны жағасында демалып жүрген ер адам суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
22 шілде күні Лесхоз ауданындағы жасанды су айдыны жағасында демалып жүрген 1980 жылы туған ер адам шомылмақ болған. Суға кірген сәтте кенет су астына кетіп, шыға алмаған. Іздестіру үшін оқиға орнына қалалық арнайы өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жетті, бірақ денені таба алмады.
Содан кейін олар облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағының көмегіне жүгінген. Олар суға түсіп, батып кеткен адамды 2 сағаттай іздеген. Судың қатты лайлануы мен тереңдігінің 3 метрден 5 метрге дейін жетуі іздеу жұмыстарын қиындатты.
ТЖД қызметшілері мәйітті жағадан 15 метр қашықтықта, 4-5 метр тереңдіктен тауып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.
Биылғы шомылу маусымында облыста 23 адам суға кетті, оның сегізі - 17 жасқа толмаған балалар.
Облыста адамдардың суға батып кетіп жатқанының негізгі себебі – шомылуға арналмаған жерлерде суға түсу, өз шамасын білмеу және балалардың ересектердің қарауынсыз шомылуы.
Суға батып кеткендердің көбі мас болған.