Риддер ЖЭО-да өрт салдарын жою жұмыстары аяқталды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында өрт салдарын жою жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 25 қаңтарда Риддер қаласындағы жылу электр орталығында өрт салдарын жою жұмыстары мәресіне жетті.

«Отын цехын қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталды. Тасымалдауыш таспа толығымен орнатылған. Ол қазір сынақ режимінде іске қосылды. Алдағы бір сағаттың ішінде оған көмір саламыз. Бұл көмір барлық қазандықтарға үлестіріледі», - дейді қала әкімі Дмитрий Горьковой.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта орталықта қосымша 4 қазандық жұмыс істеп тұр. Жылу температурасы қалыпты.

Еске салсақ, 19 қаңтарда Риддердегі жылу электр орталығынан өрт шыққан болатын.

Бірнеше сағаттың ішінде қызыл жалын ауыздықталды.

Кейіннен жылу электр орталығының басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Даниал Ахметов Риддер жылу электр орталығындағы ақаулар мен апаттардан үйлері қайта-қайта суып кетіп отырған тұрғындардан кешірім сұраған еді.

Облыс басшысының ақпараты бойынша, ЖЭО-ны күрделі жөндеуден өткізуге 7 млрд теңге қарастырылып отыр.

Сонымен қатар жылу электр орталығының иесі ауысқаны белгілі болды.


Фото: tets.kz


Соңғы жаңалықтар