Риддер жылу электр орталығында кешенді жөндеу жұмыстары басталды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында кешенді жөндеу жұмыстары басталды.

Риддер жылу электр орталығында кешенді жөндеу жұмыстары басталды
Фото: ШҚО әкімдігі

Риддердегі ЖЭО-да биылғы жылыту маусымы күрделі ақаусыз өтті. Қазіргі уақытта орталықта келесі маусымға дайындық басталып та кеткен. Қазандықта жылу шығындарына арналған гидравликалық сынақтар жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде, жөндеу жоспарына кіретін проблемалық аймақтар анықталмақ.

Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап жөндеу жобасын құрастыру үшін мамандар ақауларды анықтаумен айналысты. Мердігер ұйым циркуляциялық су құбыры учаскесі, алтыншы қазандық және үшінші басқару жүйесіндегі жұмыстарды қолға алған. Қазандықтарды, қосалқы жабдықтарды, қыздыру беттерін, экономайзерлерді, су жылытқыштарды жөндеу жоспарланып отыр. Барлығы 55 учаскедегі 18,9 шақырым жылу құбыры жөнделеді.

«Қазандықтағы турбиналық жабдықтарға және жылу желілерінің проблемалық учаскелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Жұмыс жоспарына қазандықтарды, қосалқы жабдықтарды жөндеу, электр бөлігін қайта құру кіреді. Барлық жұмыс кестеге сай жүргізілуде. 14 мамырдан бастап қызметкерлер саны артады деп күтілуде. Жөндеу жұмыстарына жалпы саны 500-ге жуық адам жұмылдырылады», - дейді жылу электр орталығындағы бас инженердің орынбасары Кирилл Голота.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, тұрғындардың үйлерін жылыту маусымына алдын ала дайындау керектігін баса айтты.

«Қалада жаңғыртудан өтпеген үйлер бар. Тұрғындар үйлердің суық екенін айтып шағымданды. Біз оларға жылу электр орталығында жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетуіміз керек. Суды өзіміз жеткіземіз, қалғаны өздеріне байланысты. Қыс мезгіліне қазірден бастап дайындалу керек», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, Риддердегі ЖЭО 1956 жылы салынған. Ондағы кешенді жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 8 млрд теңге бөлінген.