Риддер жылу орталығындағы жарылысқа қатысты жалған ақпарат таратқан блогер жауапқа тартылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығында болған жарылысқа қатысты жалған ақпарат таратқан блогерге айыппұл салынды.

Суд
Фото: freepik

21 желтоқсанда Риддер жылу орталығында газ-ауа қоспасы жарылып, 6 адам зардап шеккен болатын. Сол кезде әлеуметтік желідегі топтардың бірі орталықта ірі апат болғаны жайлы жалған ақпарат таратқан.

ШҚО сотының мәліметіне сүйенсек, бұл қоғам арасында дүрбелең тудырды.

- Сот топты жүргізіп отырған блогерді әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы шығарды. Оған ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, заң бойынша жалған ақпарат таратқан жеке тұлғаларға – 20 АЕК, шағын бизнес және коммерциялық емес ұйымдар үшін – 30 АЕК, орта бизнес үшін – 50 АЕК, ірі кәсіпорындар үшін – 100 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Еске салсақ, осыған дейін Риддерде өртенген үйден адамды құтқарып қалған 22 жастағы жігіт марапатталғаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар