Риддер жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Риддер жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатқанын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Риддер жылу электр орталығына барып, жұмыс барысымен таныстым. Қазір мұнда үш ауысымда 450 адам жұмыс істеуде. Электр қозғалтқыштарын, бекіту арматураларын, мазут, Багер және сорғы станцияларын ауыстыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Барлық жұмыстың жартысы аяқталды, алты қазандық пен қосалқы жабдық жөндеу үстінде»,-деп жазды облыс әкімі өзінің Facebook парақшасында.
Оның сөзінше, технологияға сәйкес, орташа қысымды үш қазандық шамамен 20 қыркүйекте, содан кейін кесте бойынша қарашаның ортасында жоғары қысымды қазандықтар іске қосылады.

ЖЭО жөндеу бойынша барлық мәселелер дереу жергілікті жерде шешілуде.
«Менің орынбасарым Бақытжан Байахметов тұрақты түрде жұмыс барысын қадағалауда. Сонымен қатар, жылыту маусымының басында күл үйіндісі дайындалып, көмір беру трактісі жөнделді. Барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп, менің тұрақты бақылауымда»,-деді Ермек Көшербаев.
Осыған дейін Риддер жылу орталығындағы 4 қазандық 20 қыркүйекке дейін іске қосылатынын жаздық.
Сондай-ақ орталықтағы күрделі жөндеу жұмыстары жартылай аяқталғанын хабарладық.

