Риддер жылу орталығындағы жөндеу жұмыстарына 200-ден астам адам тартылған
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында орналасқан жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарына 200-ден астам адам тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Риддер қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда ЖЭО-дағы күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
«Күн сайын орталықтың 67 жұмысшысы мен мердігер ұйымдардың 200 қызметкері жөндеу жұмыстарын жүргізуде. ЖЭО-дағы барлық 6 қазандық түгел жөндеуден өтуде. Сондай-ақ ғимараттың өзі мен жылу желілері де қайта жаңартылады», - дейді қала әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қосантаев.
Оның айтуынша, қажетті құрал-жабдықтар мен материалдар сатып алынған. Қазірде оның 50 пайыздан астамы орталыққа жеткізілді.
«Мердігерлердің жұмысын жұртшылық пен қалалық мәслихат депутаттары бақылауда. Олар күн сайын жылу электр орталығына барып, атқарылған жұмыстардың көлемін, қажетті материалдар мен жабдықтардың жеткізілуін қадағалауда», - дейді Д.Қосантаев.