Риддер жылу орталығының жаңа иесі оны коммуналдық меншікке беруге келісті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Риддер жылу электр орталығының жаңа иесі оны коммуналдық меншікке беруге келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Риддер ЖЭО» АҚ-ны осы жылдың қаңтар айында «RNGK» ЖШС сатып алған. Алайда сол уақыттан бері орталықта бірнеше апат болып, жағдай оңалмай қойды.

ШҚО әкімдігі жылу электр орталығын коммуналдық меншікке алу жайлы ұсыныс жасағанымен осы уақытқа дейін компания басшылығы келіспей келген.

Енді ЖШС директоры Виталий Шаров өңір әкімдігіне хат жолдап, орталықты мемлекет балансына беруге дайын екендігін жеткізді.

«Бүгінде жылу электр орталығының көмір, мазут жеткізушілеріне, жөндеу жұмыстарын жүргізген ұйымдарға және электр энергиясына кредиторлық берешегі бар. Бұдан бөлек, үшінші тұлғалар алдындағы орындалмаған міндеттемелер де бар. Сондықтан нысанды мемлекет меншігіне беруге келісімімізді білдіреміз және осы ұсыныстың шарттарын талқылауға дайынбыз», - дейді ол.

Еске салсақ, таяуда Риддердегі жылу орталығында тағы апат болғаны хабарланған.


Соңғы жаңалықтар