Риддерде 5 жастағы сәби төртінші қабаттан құлап кетті
РИДДЕР. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бес жасар бала төртінші қабаттан құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға бүгін, 28 шілдеде Риддер қаласында болды. Бес және жеті жастағы ағайындылар әжесінің үйінде болған. Балалар залда ойнап жүріп, кенеттен көшеде жүк көлігінің шуын естиді. Көлікті көру үшін терезеге шығып, кішісі байқаусызда терезеден құлап кетті. Қазіргі уақытта бала ауыр халде қалалық ауруханада жатыр.
«2 жастан 7 жасқа дейінгі балалардың терезеден құлап кету қаупі жоғары. Мұндай қайғылы жағдайларды болдырмас үшін балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау керек. Сонымен қатар, үйдегі жиһазды бала терезеге шыға алмайтындай орналастырған дұрыс. Терезедегі торға сенудің қажеті жоқ, себебі олардың ең сапалы дегенінің өзі баланың салмағын көтере алмайды. Баланың терезені бірнеше сантиметрден артық ашуына мүмкіндік бермейтін арнайы құрылғы (фиксатор) орнату қажет», - деді Риддер қаласы Төтенше жағдай басқармасының өкілі Ренат Сармулдинов.