Риддерде алимент төлемей жүрген борышкерлерден 15,6 млн теңге өндірілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында алимент төлемей жүрген борышкерлерден 15,6 млн теңге өндірілді.
Прокуратураның араласуынан кейін алимент төлеуден жалтарып жүрген 19 борышкер кәмелетке толмаған балаларды асырауға арналған берешегінің бір бөлігін өтеді.

Риддерде алимент төлемей жүрген борышкерлерден 15,6 млн теңге өндірілді
Коллаж: Kazinform/ Canva

- Өтелген қарыздың жалпы сомасы 15,6 млн теңге. Прокуратура жүргізген тексеру барысында жеке сот орындаушысының алимент бойынша берешекті өндіріп алу үшін қажетті шараларды қабылдамағаны анықталды. Прокурорлық қадағалау актісі енгізілгеннен кейін борышкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде олар қарыздарының бір бөлігін өтеуге мәжбүр болды, - деп хабарлады ШҚО прокуратурасынан. 

Сонымен қатар жыл басынан бері ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабы бойынша балаларды асырау жөніндегі міндеттерін орындамағандарға қатысты 20 қылмыстық іс сотқа жолданған. Оның 15-і бойынша айыптау үкімі шығарылды.

Еске салсақ, осыған дейін Оралда алименттен жалтарған ер адам бәс тігуге 4 млн теңге жұмсағаны хабарланған.