Риддерде автобустарда электронды билеттеу жүйесі енгізіледі

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы қоғамдық көліктерде электронды билеттеу жүйесі енгізілмек, деп хабарлайды Kazinform.

транспорт
Фото: Наталья Зинченко/Kazinform

Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддердегі тасымалдаушы компания жаңа автобустар сатып алып, оған электронды билеттеу жүйесін енгізуді көздеп отыр.

«Яғни, автобустарда жол ақысын төлеу жүйесі өзгереді. Қолма-қол ақшамен төлеу мүмкіндігі сақталады, бірақ бұрынғыға қарағанда қымбатырақ болады. Ал карталармен төлегенде билет құны өзгеріссіз қалады. Сонымен қатар жолаушылардың кейбір санаттарына жеңілдіктер жасалады», - дейді Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаев.

Оның айтуынша, бұл жүйе тасымалдаушы компаниялардың салықты қаншалықты заңға сәйкес төлеп жатқандығын көрсетпек.

Айта кетейік, әзірге Шығыс Қазақстанда тек Өскемендегі қоғамдық көліктерде электронды билеттеу жүйесі енгізілген.