Риддерде әйел 2 жасар баласын балконнан құлатып алды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында әйел адам 2 жасар баласын балконнан құлатып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 27 қаңтар күні полицияға үшінші қабаттың балконынан кішкентай баланың құлағаны туралы хабар түсті.

«Белгілі болғандай, 20 жастағы қала тұрғыны екі жасар баласымен қонақта болған. Өз үйіне қайтпақ болғанда пәтер есігі кілтке жабылып тұрған. Сол кезде мас әйел баласымен бірге балкон арқылы сыртқа шығуға бел байлаған. Балконнан түсіріп жатқанда бала қарға құлап кеткен», - делінген ақпаратта.

Осыдан кейін бала Риддер қаласындағы медициналық мекемеге жеткізілді. Тексеру нәтижелері көрсеткендей, ол ауыр жарақат алмаған, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Аталған факті бойынша әйелге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ алдағы уақытта материал кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға ата-ана құқықтарынан айыру туралы өтінішпен ұсынылатын болады.


Соңғы жаңалықтар