Риддерде аю қонжығымен бірге жер үйдің ауласына кіріп кетті
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Риддер қаласында қонжығымен бірге жер үйдің ауласында жүрген аюдың видеосы тарады.
Риддерліктер аюдың қала аумағына кіріп, көшелерде, тұрғын үйлердің аулаларында, тіпті мектептерге жақын жерлерде жүргендігін айтып, дабыл қағып жатыр. Олар әлеуметтік желілерге түрлі видеолар да жариялап жатыр.
Мәселен, мына видеода қонжығын ерткен аюдың жер үй ауласында жүргені байқалады.
— Бізді балаларымыздың қауіпсіздігі алаңдатады. Құзырлы органдар тиісті шаралар қабылдаса дейміз! — дейді қала тұрғындары.
ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағының мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта мамандар Риддерге келіп жеткен.
- Инспекторлар тиісті жұмыстарды қолға алды. Олар аюлардың қозғалысын бақылап, үркітіп, қала аумағынан шығару шараларын жүргізеді, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Көлсай ұлттық паркінде қоңыр аю байқалғаны хабарланған.