Риддерде үш көлік соқтығысып, 48 жастағы әйел зардап шекті

РИДДЕР. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында үш көлік соқтығысып, 48 жастағы әйел зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Риддерде үш көлік соқтығысып, 48 жастағы әйел зардап шекті

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 8 қазанда болды. Subaru автокөлігінің 22 жастағы жүргізушісі метеорологиялық жағдайды ескермей, жылдамдықты рұқсат етілген шектен асырып жіберген. Соның салдарынан тайғанап кеткен көлік қарсы бағытқа шығып, тура сол маркалы көлікке және ВАЗ-ға соқтығысты.

«Осылайша, 3 көлік жол апатына түскен. «ВАЗ» автокөлігінің 48 жастағы жолаушысы дене жарақатын алды. Қазіргі уақытта ол Риддер қалалық ауруханасына жеткізілген», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Аталған факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Соның барысында жәбірленушінің денсаулығына қандай зиян келтірілгені анықталмақ.