Риддерде жаңа стационардың құрылысы тым баяу жүргізілуде

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жаңа стационардың құрылысы тым баяу жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Риддерде жаңа стационардың құрылысы тым баяу жүргізілуде
Фото: ШҚО Ақпарат орталығы

Бір жарым жылдан астам уақыт бұрын Риддер тұрғындары жақын арада олардың қаласында үлкен емханасы бар, бір ауысымда 500 адам қабылдайтын көпсалалы медициналық орталық және соңғы техникамен жабдықталған көптен күткен стационар пайда болатыны туралы жаңалыққа қуанды. Бірақ сол қуаныштары ұзаққа созылмады.


Заманауи стационар салу үшін ескі медициналық мекеменің ғимараты сүрілген еді. Қызметкерлер мен пациенттер көрші корпусқа орналастырылды. Онда қазір 3 бөлімшенің орнында 5 бөлімше отыр. Тағы 2 бөлімше қаланың басқа шағын ауданына көшірілді. Құрылысты келесі жылы аяқтау жоспарланған болатын, алайда стационардың шұңқыры ғана қазылып тұрғанына екі ай болды.

«Бүгінде біз Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары бойынша талап етілетін жаңа палаталар, кабинеттер аша алмай отырмыз. ТРИАЖ-жүйесін де соңына дейін жеткізе алмадық. Бір палатада кейде 6 адамға дейін жатады, бір дәретхананы бір бөлімше түгелдей қолданады. Перзентханада негізінен әр палатаның жеке санитарлық бөлмесі болуы керек. Жоба бойынша жаңа ауруханаға жаңа жабдықтар да уәде етілді. Қала тұрғындары жаңа аурухананың салынуын асыға күтуде», - дейді Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері Гүлнар Кітаппаева.


Риддерліктер ескі аурухананың тар дәліздерінде ұзақ уақыт кезекте тұруға мәжбүр. Қажет болған жағдайда арнайы жабдықта диагностикалық тексеруден өту үшін Өскеменге баруларына тура келеді. 50 мыңға жуық халқы бар қалада КТ аппарат та жоқ.

«Жаңа емхананың ғимараты тұрғызылды, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Шамамен 2 ай бұрын біз стационар салу үшін шұңқыр дайындадық. Жобаны түзетуді күтіп отырмыз. Бастапқы жоба бойынша мұнда 140 төсек-орын жоспарланған, бірақ енді өзгерістер болуы мүмкін», - дейді «ЭЛХОН» ЖШС құрылыс компаниясының учаске бастығы Жәнібек Жалғантықов.