Риддерде жолдың қақ ортасында дрифт жасаған көлік жүргізушісі жауапқа тартылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында жолдың ортасында қақ дрифт жасаған көлік жүргізушісі бірден 5 бап бойынша айыппұл арқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Риддерде жолдың қақ ортасында дрифт жасаған көлік жүргізушісі жауапқа тартылды

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 27 тамыз күні Lexus IS 350 маркалы көлікті тізгіндеген 21 жастағы жүргізуші жолдың ортасына шығып, дрифт жасаған. Бұл заң бұзушылықтың видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.

Екі бағыттағы көліктердің қозғалысына тосқауыл болған ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 5 бірдей бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

«Атап айтқанда, 593-баптың 1-бөлігіне сәйкес (жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін) бес АЕК мөлшерінде, 594-баптың 1-бөлігіне (жол қиылысына шығып, кептеліс жасағаны үшін) үш АЕК, 595-баптың 1-бөлігіне (жүруді, бұрылуды немесе тоқтауды бастамас бұрын жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтамағаны үшін) бес АЕК, 601-баптың 1-бөлігі бойынша (жол белгілерімен көрсетілген талаптарды сақтамағаны үшін) үш АЕК және 606-баптың 1-бөлігімен (жол қозғалысының басқа қатысушыларына жылдамдықты күрт өзгертуге мәжбүрлеген жол жүру ережесін бұзғаны үшін) он АЕК көлемінде айыппұл салынды», - делінген ақпаратта.