Риддердегі төтенше жағдай: Тұрғындар жылу ақысын қалай төлейді
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының тұрғындары жылу ақысын қалай төлейтіндігі туралы мәселе қаралуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті ШҚО бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, Риддер қаласының тұрғындарына жылу ақысын есептеу мәселесі қаралып жатыр.
«Заңға сәйкес табиғи монополиялар субъектісі жеткізілмеген жылу энергиясына қайта есептеу жүргізуге міндетті. Жылу энергиясын пайдалану ережелерінде көрсетілгендей, егер жылу көзі сапалы энергиямен қамтамасыз етілмесе, онда меншік иелерінің бірлестігі жабдықтаушы мекемеге хабарласып ескертуі керек», - дейді департамент басшысы Арман Мәлік.
Оның айтуынша, егер компания қайта есептеуден бас тартса, тұтынушылар монополияға қарсы ведомствоға шағымдана алады.
«Қазіргі уақытта департамент мамандары Риддер қаласының тұрғындарына жылуды қайта есептеуге қатысты мәселені зерделеуде. Жылу электр орталығынан ақпарат алып, қайта тексеріп, жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Есептеулер жүргізілді, бірақ әзірге нақты сома бекітілген жоқ», - дейді А. Мәлік.