Риддердегі жылу электр орталығын қалпына келтіру жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығының жұмысы қалпына келтірілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Риддердегі жылу электр орталығын қалпына келтіру жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр

Риддердегі төтенше жағдай бойынша құрылған жедел штабтың мәліметіне сәйкес, жылу электр орталығындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта орталықтағы агрегаттарды реттеу үшін Өскемен және Согра ЖЭО энергетиктері мен арнайы мамандары келді.

«Бүгінгі таңда ЖЭО-дағы №1, № 3 орташа қысымды қазандық және жоғары қысымды №6 қазандық жұмыс істеп тұр. Жоғары қысымды № 4 қазандықты автоматтандыру бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жуық арада осы агрегатты қалпына келтіру жұмыстары аяқталады», - делінген ақпаратта.

Орталықта 260 тонна мазут бар. Жылу желісіндегі температура 55/42 градусты құрайды.

«Бүгін Риддердегі мектептер мен балабақшалар офлайн режимде жұмыс істей бастады. Оқу орындарында сабақтар 30 минутқа және қоңырау 5 минутқа дейін қысқартылды», - делінген хабарламада.


Ашық көздерден алынған фото